Өскеменде түнгі уақытта отшашу атқан құқық бұзушы анықталды, - деп хабарлайды AstanaTV.
Түнгі сағат 12 шамасында "102" арнасына "Қазақстан" тауы маңындағы автотұрақта тыныштықтың бұзылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Белгісіз азаматтардың түнгі уақытта фейерверк атқаны туралы ақпарат жедел түрде полицияға жолданған. Оқиға жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тіркелді. Полиция қызметкерлері бейнебақылау жазбаларын зерделеу нәтижесінде құқық бұзушылыққа қатысы бар азаматты жедел анықтады. Ол Өскемен қаласының 19 жастағы тұрғыны болып шықты. Белгілі болғандай, жас жігіт фейерверкті қыздың туған күнін атап өту кезінде атқан. Құқық бұзушыға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша тыныштықты бұзғаны үшін, сондай-ақ 436-бабы бойынша елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды пайдалану фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтауға, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды пайдалану талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделген. "Заң мен тәртіп" қағидаты – баршаға ортақ.