Жүкті әйелін ұрып, шаңсорғыштың сымымен қылқындырған: СҚО-да ер адам төрт жылға сотталды

Фото: freepik.com

Ол жүкті әйелінің дәрігерге қаралуына кедергі келтірген

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны жүкті әйелін жүйелі түрде ұрып-соғып, қорқытып келген. Осы әрекеті үшін ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды AstanaTV Azattyq Rýhy-қа сілтеме жасап.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың хабарлауынша, ол 2024 жылдың тамыз-қазан айлары аралығында жүкті әйелін бірнеше рет ұрып-соққан. Ол әйелінің басынан, бетінен, иығы мен ішінен ұрған, қылқындырып, шаңсорғыштың сымымен мойнынан байлап, қорқытып, дәрігерге қаралуына кедергі келтірген.

ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 3-тармағында көзделген жүкті әйелді азаптау қылмысы үшін бірінші сатыдағы сот ер адамды төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот істі қайта қарап, оның кінәсі толық расталған деген қорытындыға келді.

Жәбірленушінің ұстанымы куәгерлердің айғақтарымен, оқиға бейнежазбасымен, сондай-ақ дене жарақаттары мен жүктілік фактісін тіркеген медициналық құжаттар және сот сараптамаларының қорытындыларымен сәйкес келеді.

Сот жазаны жеңілдетуге заңды негіздер жоқ деп тауып, тағайындалған жазаны қылмыстың ауырлық дәрежесіне сай әрі әділ деп таныды. Нәтижесінде сот алқасының қаулысы мен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды.