Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді, - Қ.Бозымбаев

Маңғыстау облысының әкімдігі

Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды

Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеме жасады, деп хабарлайды AstanaTV.

Оның айтуынша, оқиға салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

«Бүгін еліміз ауыр қайғыға ұшырады. Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаның салдарынан 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Әлі табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қаза тапқан сарбаздар мен офицерлердің отбасыларына, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Президент және бүкіл Қазақстан халқы сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақ», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Үкімет арнайы комиссиясы құрғанын да алға тартты.

«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет менің жетекшілігіммен арнайы комиссия құрды. Осы жағдайға байланысты құзырлы органдар қылмыстық істер қозғады. Тергеу барынша мұқият, жан-жақты әрі қысқа мерзімде жүргізіледі. Қайғылы оқиғаға себеп болған әрбір лауазымды тұлға заң алдында ең қатаң түрде жауап береді. Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды. Қаза тапқан әрбір әскери қызметшінің отбасына қомақты материалдық көмек беріліп, сондай-ақ барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Тергеу барысы мен отбасыларға көмек көрсету жұмысын жеке бақылауымда ұстаймын», - деді Қанат Бозымбаев.