252 адам, 37 сүңгуір, 14 кеме мен 4 тікұшақ: Каспий түбіне кеткен екі сарбаз әлі табылған жоқ

Фото: Қорғаныс министрлігі

Каспийде суға кеткен сарбаздарды тәулік бойы іздеп жатыр

Каспий теңізінде суға кеткен қалған сарбаздарды іздеу-құтқару жұмысы тәулік бойы жүріп жатыр, деп хабарлайды AstanaTV.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, құрылған жедел штабтың құрамында Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері бар.

«Ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақпен бірге, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Қазіргі уақытта су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден бақыланып, тексеріліп жатыр. Сарбаздардың қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған Үкіметтік комиссия оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.