Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды AstanaTV.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Жиында жүргізілген алғашқы тергеу іс-шараларының нәтижелері қаралып, оқиғаның себептері мен барлық мән-жайларын анықтау бойынша алдағы жұмыстар талқыланды.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – «ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» және 465-бабы – «кеме жүргізу қағидаларын бұзу» бойынша қылмыстық істер қозғалған.
«Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заң бұзушылықтарға жол берді деп күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – деді Санжар Әділов.
Құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы тұрақты
Үкіметтік комиссия отырысында оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің денсаулық жағдайы да қаралды.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың мәліметінше, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты және оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Әскери қызметші есін жиған. Қазіргі уақытта оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Жанында ата-анасы бар.
Қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіледі
Отырыс барысында қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Тиісті органдарға отбасыларға қажетті көмекті ұйымдастыру және түскен қаржының бөлінуін толық ашық қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Материалдық қолдау заңнамада көзделген мемлекеттік төлемдер мен өтемақыларды ғана емес, сондай-ақ бизнес өкілдері мен меценаттар тарапынан көрсетілетін қаржылай көмекті де қамтиды.
Осы қаражатты бір жерге шоғырландыру үшін арнайы қор ашылды. Оның қызметі Маңғыстау облысының әкімдігі тарапынан тұрақты бақылауда болады.
Үкіметтік комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау, сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті қолдау көрсету жұмыстарын жалғастырады.