Қайғылы оқиғаға байланысты шет мемлекеттер мен халықаралық ұйым басшылары көңіл айтты. Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеделхат жолдап, қайғыға ортақтасты. Оңтүстіктегі көршілеріміз Өзбекстан мен Қырғызстан басшылары да қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен ел халқына көңіл білдірді. Түркияның Сыртқы істер министрлігі қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айту хабарламасын жарияласа, Иранның Ақтау қаласындағы Бас консулдығы қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтты. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады. Осыған орай Бейжіңдегі ұйымның бас кеңсесінде Қазақстанның мемлекеттік туы төмен түсірілді. Ал Әзербайжанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілердің жақындары мен Қазақстан халқына көңіл білдірді.