Қазақ-қытай инвестициялық қорын құру – маңызды қадамның бірі, - Президент

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2026

Қазақ-қытай инвестициялық форумы екі елдің іскер топтары арасындағы тікелей байланыстарды күшейтетін тұрақты алаңға айналуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында атап өтті. Сондай-ақ, Президент Қытайдан Еуропаға 3 мың контейнер пойыз қатынауы еліміздің жаһандық логистикадағы рөлін күшейтетініне айрықша назар аударды. 

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Алматы төрінде Қазақстан мен Қытайдың іскерлік өкілдері бас қосып, екі ел арасындағы байланыстың жаңа белесін талқылауда. Бұл форум өзара тәжірибе алмасып қана қоймай, инвестициялық серіктестікті нығайтуға жол ашатын маңызды алаң. Келісімдер нақты іске ұласып,  бүгін 50-ге жуық құжатқа қол қойылмақ.

Жиын басталмас бұрын форум қонақтары Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. 

Форумда мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытайдың мәңгі және жан-жақты стратегиялық серіктестігінің тарихи негізі берік әрі тату көршілік пен өзара сенім рухында тың қарқынмен дамып келе жатқанына назар аударды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды.

Екі ел бірлесіп көлік-логистика, теміржол, автомобиль жолдары, порттық және шекара инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр. Маңғыстау облысында Еуропаға шығатын жаңа порт салынып, Каспий арқылы халықаралық нарықтарға жүк жеткізуге жаңа жол ашылмақ. Бұған қоса, екі ел өндіріс, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жасыл энергетика, цифрлық экономика және жоғары технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейтуге ниетті.

СУНЬ ЯО «DALIAN HESHENG HOLDING GROUP» LTD КОМПАНИЯСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ел үшін негізгі қиындықтардың бірі тасымалдау мәселесі.Сондықтан біздің идеямыз бидай сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеп, олардың құнын арттыру. Мысалы бір тоннасы 200 доллар тұратын ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу арқылы құны 1000 доллардан, тіпті 10 000 доллардан да асатын дайын өнімге айналдыруға болады. Содан кейін оны тасымалдау тиімдірек болады.

Сондай-ақ, Президент болжам бойынша 2029 жылға қарай Қытайдан Еуропаға қатынайтын контейнерлі пойыздардың саны үш мыңға дейін ұлғаятынын мәлімдеді. Бұл жаһандық логистика тізбегіндегі маңызды көлік хабтарының бірі ретінде Қазақстанның позициясын күшейтеді. Айта кетейік, инвестициялық форум аясында Мемлекет басшысының қатысуымен 10 құжатқа қол қойылды.