Ақтөбе облысына 720 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды

  • AstanaTV
  • 25 қыркүйек 2026

Бүгін Ақтөбе облысын бір ғана нысанның емес, қатар жүріп жатқан ондаған жобаның құрылыс алаңы деуге негіз бар. Биыл облыста жол инфрақұрылымын дамытуға 35 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Осы қаражатқа 95 жобаны іске асырып, 297,3 шақырым жергілікті маңызы бар жолды жөндеу жоспарланып отыр. Облыстық мәслихаттың 27-ші сессиясында өңір әкімі Асхат Шахаров депутаттар алдында есеп беріп, биылғы жылдың сегіз айында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді таныстырды.

Ақтөбе облысына 720 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Биыл 10 инвестициялық жоба іске асырылуы тиіс. Жалпы құны 155 млрд теңгеден асатын жобалар мен 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Оның алтауы іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы төртеуін аяқтау жоспарланып отыр. Арасында жел электр станциялары, металл жөндеу, өңдеу орталығы, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруді кеңейту,газ электр станциясы бар.

АСХАТ ШАХАРОВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Қазіргі таңда жан-жақты қолдау бар. Соған байланысты климат өте жақсы деп айта  ала аламыз. Бас прокурордан бастап осыған байланысты мән беріп және де жан-жақты қолдау көрсетеді біздің мемлекет. Соған байланысты енді тек қана сөзбен емес, мына Ақтөбе арнайы экономикалық аймағымызды бекіткен және Хромтау моно қала аясында бізде индустриялық аймақ та жұмысын бастады.

Биыл өңірде 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға берілмек. 11 жаңа мектеп салынды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 11 400 оқушыға шақталған 14 мектептің құрылысы аяқталды. Жол инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаражатқа респубикалық, облыстық бағыттағы 95 жоба іске асырылады.

БОРАН ІЗБАСОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Халықтың ең асығып, ең осы сағынып кеткен жұмысы-бұл Ақтөбе-Атырау тас жолы. Кезінде осы жолмен жүрген кезде, шынын айтқан кезде, мен Темір ауданына барып-келу мен үшін үлкен бір күш еді. Барамыз, шаршап, 3,5 сағат, 4 сағат жүріп қайтамыз. Ал қазір мына 1,5 сағаттың ішінде біздер, мысалы, осы Темір ауданына барып-келеміз.

Жыл соңына дейін баспанасыз жүрген ақтөбеліктер қоныстойларын тойласа, 10 ауылдағы ағайын көгілдір отынның рахатын көрмек. Елдімекендерге ауыз су да тартылып жатыр. Ал салынып бастаған 35 мың орындық стадион мен жаңа театр - Ақтөбедегі ауқымды құрылыстың қатарын арттырып отыр.