Жедел жәрдем жүргізушісі үшін әрбір секунд алтынмен тең. Олар кептелістерге, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, дәрігерлерді шақырту орнына, ал науқасты ауруханаға дер кезінде жеткізуі тиіс. Яғни, жауапкершілігі жоғары.
Жедел жәрдем станциясында жүргізуші болып еңбек ететін Ақайдар Жамашевтің осынау бір сары жолақ көліктің тізгінін тақымдағанына 7 жыл болған. Бір кездері өзі де қатты сырқаттанып, ауруханаға түсіпті. Кейін осы мамандықты таңдаған ол бүгінде ақ халаттылардың сенімді серігіне айналған.
АҚАЙДАР ЖАМАШЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ БЕКЕТІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Түскен вызовтарға ертерек жеткізу, науқасты ертерек ауруханаға жеткізу. Ауруханаға бара жатқан кезде науқастың жағдайына қарап, дауысын естіген кезде барынша тез жеткізуге тырысамыз. Ауыр жағдайдағы науқасты алып кетіп бара жатқан кезде, ол да менің бауырым ғой ол да қатты қиналып жатыр ғой деп, өзім ауырып жатқан сияқты сезімде болам.
Жүргізуші тек көлік басқарып қана қоймайтын көрінеді. Әрбір шақырту өзіндік жауапкершілік пен күтпеген жайттарға толы. Небір жағдайды бастан кешірдік дейді ол.
АҚАЙДАР ЖАМАШЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ БЕКЕТІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
Неше түрлі вызовтарға барып көтеріп, лифтілер істемей қалған күндер болды. Неше түрлі салмақтағы, неше түрлі адамдарды көтеріп алып шыққан уақыттар болды. Шыдайсың… Қасыңдағы фельдшерлер қыздар болып қалады. Әйтеуір амалдап алып шығуға тырысасың.
Бұл мамандықта көлік жүргізу шеберлігімен қатар, сабыр мен ептілік, жылдам шешім қабылдау да маңызды. Кейіпкеріміз таңдаған кәсібіне адалдығын ісімен дәлелдеп, қызметін абыроймен атқарып келеді.