Астанада Журналистер аллеясында вандализм фактісі тіркелді. Екі жас жігіт скульптуралық композицияны бүлдіріп, оған жақын аумақтағы жеті қоқыс жәшігіне зақым келтірген, деп хабарлайды AstanaTV.
Полиция күдіктілерді анықтап, ұстады. Олардың бірі – 18 жастағы Денис Суранов, екіншісі – кәмелетке толмаған жасөспірім. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертіп, заң бұзғандар міндетті түрде жауапқа тартылатынын мәлімдеді.