Ақтөбеде заңсыз граффити салудың 23 дерегі анықталды, — деп хабарлайды AstanaTV.
Ақтөбе қаласында тұрғын үйлердің қабырғаларына, аялдамаларға, қоршаулар мен өзге де нысандарға заңсыз граффити және түрлі жазулар салу фактілері анықталуда. Бөтеннің мүлкіне рұқсатсыз сурет немесе жазу түсіру – заңсыз әрекет.
Мұндай іс-әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, қаланың көркіне кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар келтірілген залал үшін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-4-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында осындай 23 дерек анықталып, барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтап, бөтеннің мүлкіне ұқыпты қарауға шақырады. Таза әрі көрікті қала – баршамызға ортақ. Заң мен тәртіпті бірге сақтайық.