15,6 млн га жер қайтарылды

ашық дереккөз

2022 жылдан бері мемлекет меншігіне пайдаланылмаған немесе заң талаптарын бұза отырып берілген 15,6 млн га жер қайтарылды,  деп хабарлайды AstanaTV.

Биыл аумақтық бөлімшелер тарапынан жалпы аумағы 1 млн га жерді қамтитын 1000-нан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижелері бойынша жалпы аумағы 884 мың га жер бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 715 нұсқама берілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта жалпы аумағы 211 мың га жерді мәжбүрлеп алып қою мәселелері бойынша соттарда істер қаралуда. ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ОКҚ баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылға республика бойынша пайдаланылмай жатқан кемінде 1 млн га жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланды. Аталған жоспар толығымен орындалып, 1,2 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

 

«Бұған қоса, жерді жай ғана игеру емес, оны тиімді пайдалану және халықты жыл бойы тұрақты жұмыспен қамту талаптарына басымдық берілуде. Бұл ретте, алаңы 10-нан 50 мың гектарға дейінгі ауыл шаруашылығы алқаптары тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруға мүмкіндік беретіні анықталды», - деді спикер.

 

Осыған байланысты Жер балансының деректеріне сәйкес, республикада аумағында 10 мың гектардан асатын жерлері бар шаруашылықтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп, оларды ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ету үшін жерлерін тиімді пайдалануға кірістіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылды.