«Әділет» партиясында қазақстандықтардың қарызын азайтуға бағытталған жаңа тәсілдер талқыланды. Мемлекеттік органдардың, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА), Ұлттық банктің және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қарыз алушыларды қолдау шараларын, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарастырды, деп хабарлайды AstanaTV.
Қарызы бар азаматтарға көмектесудің тиімді жолдарының бірі – «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы. Жоба мамандары азаматтарға қарыздарын реттеуге көмектесіп, қарыз алушылардың құқықтарын түсіндіреді, банктермен және басқа да кредиторлармен келіссөздер жүргізуге қолдау көрсетеді, сондай-ақ берешекті төлеу шарттарын қайта қарауға жәрдемдеседі.
Жоба аясында жыл басынан бері 175 мыңнан астам қызмет көрсетілді. 27 мыңнан астам өтініш бойынша берешекті қайта құрылымдау, шоттардағы тыйымды алу, банкроттық рәсімдерін жүргізу, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және басқа да құқықтық көмек көрсетілді. Тағы 67 мыңнан астам өтініш бойынша жұмыс жалғасып жатыр. 21,5 мың азаматқа берешекті реттеуге көмек қажет екені анықталды.
Сонымен қатар халықтың берешекке бату мәселесі әлі де өзекті. Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, 1,3 миллионнан астам қазақстандықтың проблемалық кредиті бар. Ал 90 күннен астам уақыт мерзімі өткен берешек көлемі 2,5 триллион теңгеге жеткен. Мәселелердің бірі – азаматтардың өз құқықтарын және қарыз мәселесін шешудің жолдарын білмеуі.
«Өңірлердегі көптеген азаматтар қарыз мәселесін шешудің қандай мүмкіндіктері бар екенін біле бермейді. Мысалы, банк омбудсманына жүгінуге болатынын немесе проблемалық берешекпен жұмыс істеу кезінде қандай шектеулер бар екенін білмейді. Сондықтан халықтың қаржылық сауаттылығымен қатар, құқықтық сауаттылығын да арттыру маңызды», - деді Дания Еспаева.
Ол қарыз өндірілген жағдайда борышкердің шотында кемінде екі ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең қаражат қалуы керек екенін де айтты.
Жиі кездесетін тағы бір жағдай – бұрынғы қарызды өтеу үшін жаңа кредит алу. «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Елдар Жұмағазиев мұндай тәсіл мәселені шешпей, керісінше, азаматтың қарызын арттыратынын атап өтті.
«Адам ескі қарызын жабу үшін жаңа қарыз алған кезде мәселе шешілмейді. Жоба кеңсесінде мамандар банктермен келіссөз жүргізуге көмектесіп, берешекті қайта құрылымдаудың қолайлы жолын табуға жәрдемдеседі», - деді Елдар Жұмағазиев.
Алайда «Қарызсыз қоғам» жобасының тәжірибесіне сүйенсек, қарызды қайта қараудың өзі кей жағдайда мәселені толық шешпейді. Жобаның атқарушы директоры Олжас Ордабаевтың мәліметінше, өтініш білдірген азаматтардың шамамен 40 пайызы төлем кестесі қайта қаралғаннан кейін де берешегін уақытында өтей алмай қалады. Оның бір себебі – азаматтың табысы артпайды, сондықтан белгілі бір уақыттан кейін төлем жасау қайтадан қиындайды.
Осыған байланысты партия өкілдері берешекті реттеумен қатар, азаматтарға табыс табуға мүмкіндік беретін жағдай жасау қажет деп санайды. Бұл тәсілді бірінші кезекте ауыл тұрғындарына қолдану жоспарланып отыр.
«Әділет» партиясында ауыл бизнесінің түрлі бағыттарын дамытуға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру жобасы жүзеге асырылып жатыр. «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушыларына қолдау көрсету жолдары да ортаға салынды. Яғни, ақша берудің орнына жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдық ұсынылып, жобаны іске қосу кезеңінде қолдау көрсетіледі. Мұндай тәсіл азаматтарға тұрақты табыс табуға жағдай жасап, қарыз төлемдерін қайта кешіктіру қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Тағы бір ұсыныс – проблемалық қарыз алушымен жұмыс берешек 30 күнге кешіккен кезден бастап жүргізілуі тиіс. Бұл шоттарға тыйым салу мен берешектің одан әрі өсуін күтпей, мәселені ертерек шешуге мүмкіндік береді.
«Қазір қаржы ұйымдары қарызын өтей алмай жүрген азаматтың шотына бірінші болып тыйым салуға тырысады. Мұндай қысымның салдарынан борышкер көлеңкелі экономикаға кетуі мүмкін. Бұл түптеп келгенде барлық тарапқа тиімсіз», - деді Олжас Ордабаев.
Сондай-ақ отбасы мүшелерінің келісімімен үй шаруашылығының жалпы табысын есепке алу ұсынылды. Бұл қарыз алушының нақты қаржылық мүмкіндігін бағалап, оның төлеуіне шамасы жететін ай сайынғы төлем көлемін анықтауға мүмкіндік береді.
Кездесуде қаржылық сауаттылық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин цифрлық қаржылық қызметтердің дамуы азаматтардан жаңа білімді талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі уақытта 10 мың мектеп мұғалімі қаржылық сауаттылық бойынша оқудан өткен. Ұлттық банк бұл бағыттағы білім беру жобаларын «Әділет» партиясымен бірлесіп дамытуға дайын.
KMF банкінің басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов бұл жұмысты кеңейтіп, мектептер мен мемлекеттік ұйымдарда қаржылық сауаттылық негіздерін жүйелі түрде оқытуды ұсынды. Оның пікірінше, мұндай тәсіл туындаған қарыз мәселелерін шешіп қана қоймай, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бұл жұмысты тұрақты түрде жалғастыруға келісті. Жиын барысында айтылған ұсыныстар одан әрі пысықталып, заңнамаға өзгерістер енгізу кезінде ескеріледі.
«Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша +7 700 855 85 85 нөмірі немесе qogamfin.kz сайты арқылы кеңес алуға болады.