Қызылордада сотталғандарға ақша жинағандар темір торға тоғытылды. Полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық топ кәсіпкерлер мен азаматтарды қорқытып, ақша бопсалаған. Арам жолмен жиған-тергендерін түзеу мекемелеріндегі сотталғандарға арналған «ортақ қорға» құйып отырған. Тергеу барысында жымысқы әрекеттері дәлелденген. Сондай-ақ, травматикалық және пневматикалық қарулар, оқ-дәрілер, ақша қаражаттары және өзге де айғақ заттар тәркіленген. Банк аударымдары мен цифрлық дәлелдемелер зерттеліп, қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері толық расталған. Аталған дерек бойынша бірнеше баппен қылмыстық іс қозғалып, 8 адамға үкім шығарылды.
БАУЫРЖАН СӘУЛЕБЕКОВ, ОПД ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Қорқытып алу, есірткіні, қаруды заңсыз сақтау, бұзақылық және ұйымдасқан қылмыстық топты құру мен оған қатысу фактілері бойынша қылмыстық істер тіркелді. Сот үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен белсенді мүшелеріне 4 жылдан бастап 11 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалып, үкім заңды күшіне енді.