Алматыда 1 қазаннан бастап ауызсу мен су бұру тарифтері өзгереді. Жаңа тариф бойынша бір текше метр тіршілік нәрінің құны 178 теңге 6 тиын болады. Ал су бұру қызметіне 119 теңге 46 тиын белгіленген. Бұрынғы тарифпен салыстырғанда айырмашылық қанша? Су есептегіші жоқ тұрғындар қанша төлейді? Тақырыпты тілшіміз Ғазиза Әмірбек тарқатады.
Кранды ашып, бір текше метр су үшін бұрынғыдан 101 теңге 50 тиын артық төлейді. Ал кәріз жүйесіне кеткен су 71 теңге 96 тиынға қымбаттайды. "Алматы су" мекемесінің қазаннан бастап қолданылатын тарифіне сүйенсек, есептегіші жоқ үйлерде әр адамға тұрмысқа арналған су 2 мың 670 теңгеден жоғары бағаланады. Ал суық суды бұру құны текше метріне 1 мың 791 теңгеден, ыстығы 376 теңгеден асады. Жаңа тарифтің себебін «Алматы су» мамандары инфрақұрылымның тозуы мен оны жаңғырту қажеттілігімен түсіндіреді.
ЖАНДОС ТӘКІБАЕВ, «АЛМАТЫ СУ» КӘСІПОРНЫНЫҢ ҚАРЖЫ ЖӨНІНДЕГІ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тариф нақты шығындар мен міндеттемелер негізінде қалыптасады. Бүгінде инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып, оны күтіп ұстау мен жаңғыртуға кететін шығын көбейді. Сондықтан тарифтің өзгеруі – су жүйесін жөндеу, жаңарту және дамытуға қажетті қаржыны қамтамасыз ету үшін қажет. Әрбір теңге инфрақұрылымды күтіп ұстауға және жаңғыртуға бағытталады.
Сондай-ақ, көшедегі су бағанасын пайдаланатын тұрғындар үшін төлем айына 133 теңге 55 тиын болады. Алайда тарифтің өсуі тұрғындардың көңілінен бірдей шығып отырған жоқ.
БЛИЦ:
- Әрине оны көбейтпеу керек. Ол и так то ауыр болып жүрді. Одан сайын оны ауыр қылып маған қиынға түсіп жатыр қазір мысалы.
- Болсын, себебі біз ссуды рәсуа қылып жібердік. Судың да сұрауы бар деген. Қазақстанда су аз.
- Бізге қатты сезіліп жатыр. Себебі квартплата өте қымбат шығып жатыр. Бірақ төлемеске амал жоқ.
Жаңа тарифтің отбасы бюджетіне әсері тұтынылған су көлемі мен есептегіштің бар-жоғына байланысты. Алматылықтар жаңа бағаны қазан айындағы түбіртектен көреді.