Баянауылда ескі үй тұрғындары биліктен көшіруді сұрайды

Баянауылда ескі үй тұрғындары жергілікті биліктен баспаналарынан көшіруді сұрап отыр. Айтуларынша, Шөптікөл ауылындағы өткен ғасырдың 20-30 жылдары саманнан салынған үйлер әбден тозған. Тіпті, төбесі опырылып ортасына түскен үйлер көп. Алайда, басқа барар жері, басар тауы жоқ тұрғындар амалсыздан тұрып жатқандарын айтады. Жанын шүберекке түйіп отырған ауылдағы ағайынның  жанайқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

Бұл – Алмагүл Әбілешованың баспанасы. Үйінің төбесі опырылып ортасына түскен. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпепті. Үйсіз қалған  ол баласының баспанасына көшіп барған. Өйткені басқа барар жері жоғын айтады.

АЛМАГҮЛ ӘБІЛЕШОВА, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңбыр жауған кезде ағашы шіріп кетіпті. Сол шіріп құлады ар жағынан. Ол жағы от жағатын жағым. Содан отымды жаға алмай қалдым. Осы үйдің салынғанына 100 жылдан асып кетті. Тұруға уже не возможно. Төбеден ағады. Төбелері жоқ, крышалары. Жаңбыр нетсе, ағып кетеді бүкіл жақтан.

Шөптікөлдегі үйлердің салынғанына 1 ғасырдан асқан. Аты үй болғанымен заты қораға ұқсайды.  Шатыр жоқ тоқал тамдар құдды бір кино түсіруге сұранып тұрғандай. Білмейтін адам декорациялық қалашық екен -деп қалуы да мүмкін.

ҚАЙЫРБЕК АХМЕТОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы ауылдың салынған үйлері 1927 жылы салынып, Шөптікөл кенішінде халыққа салынған үйлер. Сол кезде уақытша салынған үйлер Кейін көшіреміз Майқайың кентіне деген Үкіметтің берген уәдесі бар. Біз ертедегі аталарымыздың айтқан сөзіне сүйеніп айтып тұрмын. Сол үйлерде күні бүгінге дейін сол кісілердің немерелері біздер тұрып жатырмыз. Біздің де өскен ұрпақ немерелеріміз бар. Жағдайымыз нашар.

Ауылда ұзын саны  20-ға жетер жетпес үй қалған.  Алпыстай адам тұрады. Басым көпшілігі зейнет  жасындағы қариялар. Сондықтан ауылдан ұзап ешқайда кете алмай отыр. Ал ауырып қалса, ауылда дәрігер де жоқ.

ҚАЙЫРБЕК АХМЕТОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылымызда дәрігер жоқ. Медпункт бар, бірақ, медсестрамыз жоқ. Ауырып бірдеңетін болсақ, ағайын туыстың машинасымен барамыз больницаға. Мәселе сондай. Көрші ауылдан шақыртамыз скорыйды. Ал өз ауылымызда скорый жоқ.

Баянауыл ауданында 8 баспана апатты деп танылған. Алайда, бұл тізімге Шөптікөл ауылындағы  үйлер кірмеген. Себебі, тұрғындар арнайы сараптама жасатпаған. Заң бойынша аппатты үй тұрғындары өз баспанасының жарамсыз екенін құжат жүзінде дәлелдеуі керек – дейді, аудан әкімі. Ал дәрігер мәселесін шешу бойынша жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

АРДАҚ КІСЕНТАЕВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ол бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Ондай кемшілік бар. Халықтың саны да өте аз. Бүгінгі күні 62 адам тұрады. Нақты келетін болсақ, ол жерде 62 емес,  40 адам тұрады. 62-сі тіркелген. Ол жерде Майкөбе ауылынан медициналық пункті қызмет атқарады. Ол жерде арнайы жедел жәрдем көлігі бар біздің ауданға тиесілі, ауруханаға тиесілі. Сол жерде жұмыс жасайды келіп вызовты.

Аудан әкімі әзірге ауылды көшіру жоспары жоғын айтты. Керісінше, елдімекеннің  инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлмек. Ол үшін ауылды өркендетудің кешенді жоспары жасалғанын жеткізді. Жоспардың орындалу барысында қадағалауда ұстайтын боламыз.