Жыл сайын елімізде 500-ге жуық әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады

  • AstanaTV
  • 28 қыркүйек 2026

Елімізде обыр ауруына шалдыққандардың қатары көбейіп барады. Өткен жылдың өзінде 42 мыңнан астам жағдай тіркелсе, бүгінде диспансерлік есепте тұрған отандастарымыздың саны 246 мыңнан асты. Дерт әйелдер мен ер-азаматтардың денсаулығына бірдей қауіп төндіріп отыр. Мәселен, жыл сайын елімізде 500-ге жуық әйел жатыр мойны обырынан көз жұмса, соңғы жылдары сүт безі қатерлі ісігі де жасарған. Медицина мамандары сырқаттың бұл түрлерін адам папиллома вирусымен, гормоналды бұзылыстармен және өзге де жанама факторлармен байланыстырады.

АҚМАРАЛ ЗЕЙНЕАБЕДЫН, ҰҒОО ОНКОГИНЕКОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

Ол жыныстық қатынастың ерте басталуы, бірнеше жыныстық серіктестіктің болуы, темекі шегу, иммунитеттің төмендеуі деген секілді. Жатыр мойны обырының емделуі, ол анықтау сатысына байланысты. Егер ерте сатыларда анықталған болатын болса, әйелдердің толық сауығып кетуіне мүмкіндік туады.

Қауіпті кесел жынысқа бағынбайды. Ер адамдар да қатерлі ісікке жиі шалдығады. Әсіресе қуық асты безі, бүйрек және қуық ауруларында өршу динамикасы байқалады. Дәрігерлер дертті асқындырмай, уақытында скринингтен өтсе, заманауи емді шетелге бармай-ақ өз елімізде тегін алуға болатынын айтады.

ЖЕТКЕРГЕН АРЗЫҚҰЛОВ, ПРОФЕССОР:

Жыл сайын 3 мыңнан астам науқас тіркеледі. Қойылған мақсат оларды емдеп, сапалы емді ұйымдастырып, оларды өзінің жанұясына қайтару, өндіріске келтіру. Біздің қазақстандықтар шетелге бармау керек, сапалы дүниежүзілік деңгейдегі емді осы өзінің елінде алу керек.