9 қазаннан бастап мектептерде смартфон қолданудың жаңа ережелері енгізіледі

фото: canva.com

Оқу-ағарту министрлігі мектеп оқушыларының смартфон қолдану тәртібін нақтылайтын бұйрық қабылдады, деп хабарлайды  AstanaTV.

Құжатта телефонды сабақ кезінде қандай жағдайда пайдалануға болатыны және қандай талаптарды сақтау керегі көрсетілген. 

Құжатқа сәйкес, сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға болмайды. Алайда бұған қатысты бірнеше ерекшелік бар:

  • Мұғалімнің нұсқауымен оқу мақсатында, яғни тапсырманы орындау үшін қажет болған жағдайда;

  • оқушының немесе басқа адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде;

  • оқушыға денсаулығына байланысты телефон қажет болған жағдайда.

Сабақ басталғанға дейін оқушы телефонын дыбыссыз режимге қойып, діріл мен дыбыстық хабарламаларды өшіруі немесе толық сөндіруі тиіс. Сонымен қатар мектептер телефондарды сақтауға арналған арнайы орындар ұйымдастыра алады. Егер сабақ барысында смартфон оқу тапсырмасын орындау үшін қажет болса, мұғалім:

  • Телефон қолдануды қажет ететін оқу тапсырмасын анықтайды;

  • Тапсырманың мазмұнын, телефонды қалай және қанша уақыт қолдану керегін түсіндіреді;

  • Тапсырманы өз бетінше орындау талаптарын және телефонды пайдаланудың рұқсат етілген тәсілдерін түсіндіреді;

  • Телефонды қашан қосып, қашан пайдалануды тоқтату керегін айтады.

Бұл жағдайда оқушы смартфонды тек мұғалім берген тапсырманы орындау үшін пайдалануы керек. Телефонның фото, аудио және видео түсіру функцияларын да мұғалімнің нұсқауымен ғана қолдануға болады.

Бұйрық 9 қазанда күшіне енеді.