Астанада 30 жастағы әйелдің қазасына байланысты 4 экс-полицей ұсталды. Марқұм көзі тірісінде ажырасқан күйеуінің соңынан қалмай жүргенін айтып, тәртіп сақшыларына бірнеше рет шағымданған. Алайда полиция тарапынан тиісті шара қолданылмаған. Салдарынан 23 қыркүйекте күдікті Талғат Қамиден жәбірленушіге 16 жерден пышақ сұғып, өлтірген. Қазір істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің жеке бақылауында.
АСТАНА ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Тексеру нәтижесінде төрт қызметкер жұмыстан шығарылды. Екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бір орынбасары қызметінен босатылды. Қызметке салғырт қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталды.
Істің тергелу барысы Ішкі істер министрінің жеке бақылауында.