Қазақстанның оңтүстігінде құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері тіркелді, – министр

Биылғы қуаңшылық диқандарға оңай тиген жоқ. Егін орағы аяқталуға таяу, бірақ басты проблема – жиналған өнімді шірітпей сақтау, дизель отынын уақытылы жеткізу және элеваторлардағы кезекті жою. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге нақты тапсырмалар берді. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай баяндайды.

Халықтың қалтасын қаққан қымбатшылық пен ықтимал тапшылық қаупі. Күнделікті тұтынатын негізгі тауарлар ет пен картоптың қымбаттауы жұрттың мазасын қашырған. Биылғы қуаңшылық пен қолайсыз ауа райы тапшылық үрейін күшейтті. Елорданың өзінде сиыр етінің бағасы 3,5 мыңнан 4,5 мың теңгеге дейін құбылып тұр. Алайда Жауапты министрлік дүрлігуге негіз жоқ, ішкі нарық толық қамтамасыз етілген деп сендіруде.

НАЗГҮЛ ХАТЕПОВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Сиыр еті бағасының күрт өсуіне негіз көріп отырған жоқпыз. Ішкі нарық өз өндірісіміз есебінен толық қамтамасыз етіліп отыр. Былтыр 4,4 мың тонна сиыр еті өндірілді. Биыл сегіз айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі артқан. Мал басы да көбейіп келеді.

Бірақ ресми мәлімдемеге қарап арқаны кеңге салуға ерте. Бағаның егістік пен шабындық басындағы жұмыстың сапасына тікелей байланысты. Ал дәл қазір диқандар үшін ең басты түйткіл дизель отынының жетіспеушілігі мен сақтау қоймалары. Егер жиналған өнім уақытылы жиналмаса нан мен көкөніс бағасы да қымбаттауы мүмкін.

ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

2026 жылы вегетациялық кезең елдің солтүстігінен басқа бірқатар астық егетін өңірлер үшін күрделі жағдайда өтті. Республиканың басым бөлігінде әртүрлі қарқындылық пен ұзақтықтағы құрғақшылық байқалды. Құрғақшылықтың ең ұзақ кезеңдері елдің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және оңтүстік-батысында – Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Абай және Жетісу облыстарында тіркелді.

Дегенмен, шенеуніктер сандарды сөйлетіп отыр. Биыл қуаңшылыққа қарамастан, 13,5 млн гектар дәнді дақыл жиналып, 20 млн тоннаға жуық астық бастырылды. Ал егін орағына 401 мың тонна, астық кептіруге қосымша 41 мың тонна арзандатылған дизель бөлінген.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Қазірден бастап 2027 жылғы ауыл шаруашылығы маусымын табысты өткізуге, оның ішінде оны қаржыландыруға тиісті негіз қалыптастыру қажет. Ауыл шаруашылығын ерте қаржыландыру тәжірибесі егіншілерді тиімді қолдау құралы екенін көрсетті. «Бәйтерек» холдингі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етсін.

Үкімет басшысы өңір әкімдері мен Энергетика министрлігіне жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырды. Басты міндет дизель отынының үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету, элеваторларда тарифтің негізсіз өсуіне жол бермеу және маусым аралық кезектен аман өту үшін картоп пен көкөніс қорын алдын ала келісімшартпен сатып алу.