«Әділет» партиясы азаматтардың өтінішін қабылдап, шиеленіскен мәселелердің шешілуіне ықпал етуде

  • AstanaTV
  • 29 қыркүйек 2026

«Әділет» партиясы тұрғындарды қабылдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға атсалысып келеді. Партияның орталық аппараты жанындағы қоғамдық қабылдауда Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек азаматтармен кездесіп, олардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады. Өңірлерден арнайы келген жандар әлеуметтік мәселелерін ортаға салды. Әсіресе, көпбалалы және толық емес отбасыларға мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігі сөз болды. Азаматтар  "отбасы табысын есептеу кезінде жеңілдетілген төлем қарастырыла бермейді, соның салдарынан ата-аналарға түсетін қаржылық салмақ артып отыр", - дейді. Сондықтан төлемді есептеу тетігін қайта қарап, отбасының әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әр балаға 21 мың теңгеден төлеу туралы ұсыныс білдірді.

ЖҰМАҒҮЛ ТӘЖІБЕКОВА, «АНАЛАРДЫ ДЕМЕУ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

Мектепке дейінгі ұйымдарда көпбалалы отбасындағы балалардың тегін балабақшаға баруы үшін АӘК алушы мәртебесі талап етіледі. Бұл норма бүгінде балалардың балабақшаға баруына кері әсерін тигізді. Өйткені әрбір ана үш ай сайын өзінің кедейлік мәртебесін дәлелдеп отыруы тиіс. Көрсеткіш белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы керек. Осының салдарынан кей балалар балабақшадан шығып қалды. Алматының өзінде бұған дейін осы санат бойынша 4 мың бала барса, қазір олардың саны 1 мыңға дейін азайды.

Қоғамдық қабылдауда көтерілген тағы бір мәселе - Гүлістан Хамиттің өтініші. Ол қызы Ақнәрдің өліміне қатысты істің ұзаққа созылғанын айтады. 2024 жылы 22 жастағы Ақнәр Алматыдағы көпқабатты үйдің жетінші қабатынан құлап қаза тапқан. Содан бері анасы істің әділ тергеліп, шындықтың анықталуын талап етіп келеді. Алайда жауапты органдар бір-біріне сілтеп отыр дейді. Бүгін шындық үшін шырылдаған ана депутаттан істі бақылауға алуды сұрады. Кендебай Адамбек азаматтың өтінішін тыңдап, мәселенің мән-жайымен танысты. Жағдайдың заң аясында шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.

ГҮЛІСТАН ХАМИТ, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Делосы қазір күні бүгінге дейін кабинеттен кабинетке өткермелеп келеді. Жарты жылдан бері қарай әлі шешім шығарған жоқ. Сол үшін әділетті тергеу сұраймын. Қызымның қаны ешқандай уақытта әділетсіз кетпесін. Әділетті Қазақстаннан, "Әділет" партиясынан, "Әділет" партиясының депутаттарынан бүгін шындық іздеп, солардан әділет сұрап келіп тұрмын.

КЕНДЕБАЙ АДАМБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Халық келді, қабылдады. Бір жағына шығармай, жолда біз ештеңені тастамаймыз. Ол - біздің партиямыздың принципі. Нақты іспен жауап беруіміз керек. Еститін мемлекет дейміз. Еститін мемлекет болса, халық бізден қылтима жауап емес, нақты нәтиже тосып отыр.