«Қауіпсіз қала» акциясына қатысушылар 150-ден астам заңбұзушылықты анықтады

фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының жастар қанаты қолға алған «Қауіпсіз қала» акциясына еліміздің барлық өңірінде екі мыңнан астам жас азамат атсалысты. Оның барысында 17 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада рейд жүргізілді, деп хабарлайды  AstanaTV.

Акция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында өткізілуде.

Акцияға қатысушылар ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, қауіп туындауы ықтимал аумақтарды тексерді. Рейдтер барысында 150-ден астам заңбұзушылық анықталды. Оларға қатысты ақпарат тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.

Акцияға қатысушылар ашық тұрған кәріз құдықтарына, арнайы жабдықталмаған шомылу орындарына, тұрғын үйлердің шатырларына шығу мүмкіндігіне және адамдарға қауіп төндіруі мүмкін басқа да нысандарға ерекше назар аударды. Бұл ретте жергілікті жерлердегі жұмыс осындай учаскелерді тексерумен ғана шектелген жоқ. Белсенділер тұрғындармен сөйлесіп, жадынамалар таратты, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, қауіп туындауы ықтимал нысандар анықталған жағдайда қайда жүгіну керек екенін айтты.

«Біз үшін мәселелерді жай ғана тіркеп қою емес, оларға дер кезінде назар аударылуын қамтамасыз ету маңызды. Жастар мұндай жағдайларды өздері байқап, олар туралы хабардар етіп, жауапты қызметтермен бірлесіп, мәселенің шешімін табуға ықпал ете алады», – деді «Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ержан Хамитов.

Рейдке тұрақты түрде қатысып жүрген партия жастар қанатының қоғамдық белсендісі Нияз Құрманғазы мұндай жұмыс іс жүзінде қалай жүргізілетіні туралы айтып берді.

«Рейд барысында біз тұрғындармен сөйлесіп, оларды не алаңдататынын сұрап, бірден қауіпті учаскелерге назар аударамыз. Бұл қадам ақпаратты тиісті шара қабылдай алатын жауапты тұлғаларға жедел жеткізуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Айта кетейік, «Қауіпсіз қала» акциясы тұрақты түрде өткізіледі. Оның барысында тұрғын үй секторындағы және өрт шығу қаупі жоғары нысандардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі басым бағыттардың біріне айналады. Белсенділер анықталған заңбұзушылықтар туралы ақпаратты құзыретті органдарға жолдайды.