«Әр балаға – тең мүмкіндік»: «Әділет» партиясы Атырауда инклюзивті спорт фестивалін өткізді

Фото: “Әділет” партиясының баспасөз қызметі

Атырау облысында балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, жасөспірімдердің өз қабілетін еркін танытуына мүмкіндік беретін «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің облыстық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды  AstanaTV.

Спорттық доданы «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы және «Дарын» орталығы ұйымдастырды. Фестивальге Атырау қаласы мен Исатай, Махамбет, Индер, Қызылқоға, Мақат және Жылыой аудандарынан 7 команда жиналды. Барлығы 100-ден астам бала қатысуда. Олардың 45-і – ерекше қажеттіліктері бар бала.

Қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және «Біз жеңімпаз боламыз!» эстафетасы бойынша бақ сынауда. Спорттық сайыстар барысында балалар шапшаңдық пен ептілігін көрсетіп қана қоймай, командалық бірлік пен өзара қолдаудың маңызын да танытып жатыр.

Фестивальдің ашылу салтанатында «Әділет» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бейбіт Мырзағалиев сөз сөйлеп, инклюзивті спорттың балаларды қоғам өміріне белсенді араластырудағы маңызын атап өтті.

«Тең мүмкіндіктер» – бұл жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл – әр баланың қабілеті мен мүмкіндігін көрсететін, өз күшін сынап, жаңа жетістіктерге ұмтылуына жол ашатын маңызды бастама. Бүгін осы алаңға жиналған әрбір бала – өзінің батылдығымен, талпынысымен және жігерімен жеңімпаз. Біз үшін балалардың спортта ғана емес, барлық салада өз мүмкіндігін толық пайдалана алуы маңызды, - деді Бейбіт Мырзағалиев.

Фестивальдің негізгі мақсаты – балаларды спортқа кеңінен тарту, олардың өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік беру және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ортаға еркін бейімделуіне жағдай жасау.

«Мен бұл фестивальге қатысқаныма өте қуаныштымын. Жаңа достар тауып, жарыстарға қатыса отырып өз күшімді сынап жатырмын. Спортпен айналысқан ұнайды. Бүгін жақсы нәтиже көрсетіп, жеңіске жеткім келеді» – деді Махамбет ауданынан келген қатысушы Айсана Абат.

Фестиваль қорытындысы бойынша үздік командалар мен қатысушылар марапатталады. Ал жеңімпаз команда жарыстың республикалық кезеңіне жолдама алады.