Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті Қазақстанға шақырды

Фото: Ақорда

Президент пен Канцлердің келіссөзі екі ел делегациясы мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Бұл туралы Ақорда хабарлады. 

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның стратегиялық серіктестігі берік саяси диалогқа, ортақ экономикалық мүддеге және халықтар арасындағы тығыз байланысқа арқа сүйейтінін айтты.

— Өзара сауда-саттық көлемі өткен жылы 13,4 пайызға ұлғайып, 4,5 миллиард долларға жетті. Германияның соңғы 21 жылда елімізге салған инвестициясы 8 миллиард долларды межеледі. Осы ретте германиялық инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша бақылауда екенін айтқым келеді, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берілді.

Бүгінгі таңда бірлескен инвестиция портфелінде жалпы құны шамамен 54 миллиард доллар болатын 40 өнеркәсіп жобасы бар.

Бұл ретте Президент Үкіметаралық жұмыс тобы мен Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің үйлесімді әрі нәтижелі қызметіне оң баға берді.

Мемлекет басшысы Германияның қазіргі әлемдік саясат пен экономикадағы елеулі рөліне назар аударды. Оның айтуынша, елдің өндірістік қуаты, мықты ғылыми мектебі және неміс халқының еңбекке деген жауапкершілігі халықаралық деңгейде сөзсіз мойындалған.


Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде білім мен ғылым саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.

Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия сапары екі елдің игілігі мен гүлденуі жолындағы оң нәтижелерге жетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Келіссөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.