Қызылордада қоғамдық орынды ластаған азамат қайта жауапқа тартылды, — деп хабарлайды AstanaTV.
Қызылордада жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орынды ластаудың тағы бір дерегі тіркелді. Бейнежазбада ер адамның темекі шеккеннен кейін темекі тұқылын белгіленбеген жерге тастағаны анық көрінеді.
Полиция қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Қоғамдық орынды ластаған Қызылорда қаласының 23 жастағы тұрғыны Бақтияр Аралбай болып шықты. Тексеру барысында азаматтың бұған дейін де осыған ұқсас құқық бұзушылық жасап, әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Осыған байланысты оның әрекетіне құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жазаға тартылды. Құқық бұзушылықтың салдары жойылып, аймақ тазартылды.
Полиция қызметкерлері азаматтарға қоғамдық орындарда тазалық сақтау қажеттігін ескертеді. Әр азамат белгіленген талаптарды сақтап, қоғамдық тәртіп пен қала тазалығына жауапкершілікпен қарауы тиіс.