Пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы тек медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектерге ғана байланысты емес екенін көрсетті. Ең бастысы бұл – медициналық кадрлар. Сондықтан дәрігер мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік мәселесі деп қарауға болмайды. Бұл – елдің биологиялық және ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Дана Медуова депутаттық сауалында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды AstanaTV.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, мемлекеттік саясаттың басты ұстанымдарының бірі ретінде медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет екенін айқындап келеді. Басты міндеттің бірі – дәрігерлердің мәртебесін көтеру және мамандықтың беделін нығайту.
Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң бақылау – біздің айрықша назарымызда.
Бірінші. Еңбекақы төлеу жүйесі икемді болуы керек. Ол дәрігердің біліктілігін ескеріп, оны кәсібіне қатысы жоқ, бюрократиялық міндеттен босатуы тиіс. Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек.
Екінші. «Дәрігер» заңмен қорғалуы тиіс. Бұл атаудың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек.
Үшінші. Кадр тапшылығына объективті баға беру қажет. Жаңа дәрігерлерді тарту ғана емес, қазір жүйеде еңбек етіп жүрген мамандарды ұстап қалу да маңызды.
Төртінші. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда дәрігерлердің жедел әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік берілуі тиіс. Ол үшін олардың өкілеттігі нақты айқындалып, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы қажет.
Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Осыған байланысты мен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық етемін.
Пандемияның бізге берген басты сабағы – медициналық жабдықты сатып алуға, дәрі-дәрмекті өндіруге де, сырттан әкелуге де болады. Ал елге қауіп төнген сын сағатта адам өмірін арашалайтын ақ халатты жандардың орнын ештеңе баса алмайды.
Білікті дәрігерді даярлауға кемінде он жыл қажет. Ал әлсіз жүйе кәсіби маманнан бір күнде айырылып қалуы мүмкін.
Біздің міндетіміз – дәрігерлердің төмен жалақыға байланысты мамандығын тастап кетпеуіне жағдай жасау. Білімі мен тәжірибесі ел игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауымыз керек, – деді Құрылтай депутаты Дана Медуова.