Жетісуда 127 келі балықты заңсыз аулаған тұрғындар ұсталды

Polisia.kz

Жетісу облысында полиция қызметкерлері балық қорғау инспекторларымен бірлесіп, Қаратал өзенінде балықты заңсыз аулау дерегінің жолын кесті, деп хабарлайды AstanaTV.

Үштөбе – Көпбірлік автожолында бірлескен рейдтік іс-шара барысында тіркемесі бар Audi-100 автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылды.

Көлікте Үштөбе қаласының 24, 25 және 41 жастағы үш тұрғыны болған. Тексеру кезінде автокөлік пен тіркемеден жалпы салмағы 127,1 келі балық табылып, тәркіленді. Олардың арасында сазан, жайын, ақмарқа, мөңке және мемлекет ерекше қорғауға алған бекіре тұқымдас балық бар.

Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтарды аулауға тыйым салынған. Сонымен қатар жалпы ұзындығы шамамен 80 метр болатын төрт капрон ау, моторлы резеңке қайық, 15 қармақ, ілмектер, ескектер және екі аккумулятор тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректеріне сәйкес, ер адамдар Қаратал өзеніне балық аулау мақсатында келіп, тыйым салынған аулау құралы – балық аулау торын пайдаланған. А

уланған балықты автокөлікпен тасымалдаған. Тәркіленген балық өлшеніп, жауапты сақтауға тапсырылды. Қазіргі уақытта балық ресурстары мен мемлекетке келтірілген залал мөлшері анықталуда. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.

Табиғи ресурстар – ортақ байлығымыз. Өзен-көлдер мен олардың тіршілік иелерін сақтау тек инспекторлар мен полицияның жұмысына ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігіне байланысты.