«Әділет» партиясының фракциясы экологиялық акцияларды есепке алудан елді мекендердің нақты жағдайын бағалауға көшуді және деректерді азаматтар үшін ашық етуді ұсынады
«Әділет» партиясының фракциясы Қазақстанның әрбір елді мекенінің нақты жағдайын, заңсыз қоқыс орындарының болуын, жасыл желектер мен қоғамдық кеңістіктердің жай-күйін көрсететін цифрлық паспортын жасауды ұсынды, деп хабарлайды AstanaTV Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл бастама Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровқа Айжан Сқақова депутаттық сауал ретінде жолдады. Ол «Таза Қазақстан» бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыруға тоқталды.
Партия өкілдері Мемлекет басшысының бұл бастамасы іске асыру барысында қарапайым экологиялық акциялар шеңберінен шығып, келесі кезеңге - өткізілген шаралар санынан әр қала мен ауылдағы нақты нәтижеге көшуі тиіс деп есептейді.
Шаралар санынан нақты нәтижеге көшу
Депутаттық сауалда келтірілген ресми деректерге сәйкес, тек 2025 жылдың өзінде экологиялық жұмыстар аясында 1 294 іс-шара өтіп, оған 7 миллионға жуық адам қатысқан.
1 миллион гектардан астам аумақ тазаланып, 844 мың тоннадан астам қалдық жиналды және 3 миллионға жуық ағаш отырғызылды. Бастама басталғалы бері 10 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны жойылып, 7 миллиондай ағаш егілді, сондай-ақ 2 мыңнан астам волонтерлік жоба жүзеге асырылды. TazaQazBot арқылы азаматтардан 57 мыңнан астам өтініш түскен.
«Әділет» өкілдерінің пікірінше, енді атқарылған жұмыстың ауқымын ғана емес, оның түпкілікті нәтижесін де бағалау қажет: заңсыз қоқыс орындары жойылды ма, аулалар мен қоғамдық кеңістіктердің жағдайы қандай, отырғызылған ағаштар тамыр тартып кетті ме және қалдықтарды жинау мен қайта өңдеуге арналған инфрақұрылым жеткілікті ме.
Цифрлық паспортқа не кіреді?
Фракция Тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеуді әр қала мен ауылдың цифрлық паспортын жасаумен байланыстыруды ұсынады.
Онра мынадай мәліметтерді көрсету ұсынылуда:
-
Аумақтың жай-күйі;
-
Заңсыз қоқыс орындарының болуы;
-
Контейнерлік алаңдар мен қайта өңделетін шикізат қабылдау пункттері;
-
Жасыл желектердің жағдайы;
-
Қоғамдық кеңістіктердің жай-күйі;
-
Тұрғындардың өтініштері;
-
Жауапты мемлекеттік органдар;
-
Анықталған мәселелерді жою мерзімдері мен нәтижелері.
Бұл ақпарат азаматтар үшін қолжетімді болуы тиіс деп жоспарлануда. Мұндай жүйені құру үшін қолданыстағы цифрлық инфрақұрылымды, соның ішінде TazaQazBot, заңсыз қоқыстарды ғарыштық мониторингтеу деректерін және Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық мәліметтер банкін пайдалану ұсынылады.
Фракцияның төрт ұсынысы
Депутаттық сауалда төрт негізгі ұсыныс тужырымдалған:
-
Бирінші: Тазалықтың ұлттық стандартында қалалар мен ауылдық елді мекендер үшін бөлек нақты нақты көрсеткіштерді белгілеу.
-
Екінші: Әрбір елді мекеннің цифрлық паспортын құру.
-
Үшінші: Оны қолданыстағы мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау.
-
Төртінші: Азаматтарға анықталған мәселелер, жауапты органдар, оларды жою мерзімдері мен нәтижелері туралы ақпаратқа ашық қолжетімділік беру.
Сонымен қатар, партия өкілдері өздерінің «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында (2026–2031 жылдарға арналған) қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуді 2030 жылға қарай 40%-ға дейін, орман алқабын 14,5 млн гектарға дейін арттыру, сондай-ақ экономиканың энергия сыйымдылығын 2035 жылға қарай 15%-ға төмендету көзделгенін еске салды.
Бұдан бөлек, фракция вандализмнің алдын алу, келтірілген шығынды өтеу және қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша заң жобасына бастамашылық жасады.
Ұсынылған бұл тәсіл «Таза Қазақстан» бағдарламасын бағалау принципін түбегейлі өзгертеді: басты көрсеткіш сенбіліктердің, отырғызылған ағаштардың немесе өткізілген акциялардың саны емес, нақты қала мен ауылдың тазалық жағдайы болуы тиіс. Бұл ретте, егер мәліметтер үнемі жаңартылып, тұрғындар тек мәселені емес, сонымен бірге оған кім жауапты екенін және ол қай мерзімде шешілуі керектігін көре алса, цифрлық паспорт қоғамдық бақылаудың тиімді құралына айналмақ.