Мемлекет басшысының Германияға сапары бүгін Мюнхенде жалғасты. Президент Бавария Үкіметі мен Ландтаг басшыларымен кездесіп, Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтті қабылдады. Өнеркәсіпті цифрландырумен айналысатын компания 30 жылдан бері еліміздің аса маңызды серіктесі. Қазір қазақстандық компаниямен бірлесіп Qarmet металлургия комбинатын жаңғырту жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. Кездесуде Siemens компаниясымен медициналық технология саласындағы ықпалдастықты кеңейту әлеуеті талқыланды. Президент қабылдауына Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфанн да келді. Ұйым Қазақстандағы жобаларға 500 млн доллар инвестиция құйып отыр. Алда мұнайхимия өнеркәсібіндегі бірлескен жобалардың перспективасы талқыланды.