Былтырмен салыстырғанда еліміздегі интернет-алаяқтық саны 13 пайызға төмендеді. 170 млн-нан астам телефон қоңырауы бұғатталды. Бірақ, бұл жеткіліксіз. Құрылтай депутаттары шетелдік хакерлерден қорғайтын келісімдерді ратификациялады.
Қазақстандықтарды сан соқтырып, ізін суытып кететін шетелдік алаяқтарға тосқауыл қойылмақ. Құрылтай Әлемнің 80-нен аса елі мүше Компьютерлік қылмысқа қарсы Конвенцияны ратификациялады. 2001-і жылы құрылған бұл одаққа Қазақстан 2023-і жылы ресми шақырту алған. Енді, отандық тәртіп сақшылары қазақстандықтарға зиянын тигізген хакерлерді әлемнің түкпір-түкпірінде іздестіре алады.
ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бірінші кезекте, трансұлттық киберқылмыстарды жылдам тергеуге негіз болады. Екіншіден, басқа мемлекеттерде электронды дәлелдемелерді алуға құқықтық негіз қалыптастырады. Енді осы екеуін біріктіріп қарайтын болсақ, интернет алаяқтыққа және кибер шабуылды және басқа цифрлық қылмыстармен күресу үшін тиімді болып табылады.
Қылмыскерлер, адамды алдап, ақшаны өз шоттарына түсіре сала жоқ болып кетеді. Оны қалай ұстамақ деген сұрақ туындайды.
САНЖАР ӘДІЛОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Киберқылмыс үшін де домен және өзге желілік қондырғылар жасалады. Әр интернет-провайдерде түпкі ақпарат белгілі мерзімде сақталады. Қылмысты тергеу созылып, біз өзге елдегі әріптестермен келіссөз жүргізгеннің өзі көп уақыт алса да, провайдерлерде сақталған мәліметке қол жеткізе аламыз. Қарапайым сөзбен түсіндірер болсақ, қылмыскерлер өз сайттарын өшірсе де, оның мекен-жайын анықтай аламыз.
Бұдан бөлек, отандастарымыздың құқығын қорғауға бағытталған тағы екі маңызды келісім ратификацияланды. Біріншісі Қазақстан мен Қатар арасындағы екіжақты уағдаластық болса, екіншісі, ТМД елдері ішінде жасырынып жүрген қылмыскерлерді құрықтау және жеткізу жөніндегі шарт. Құрылтай отырысында талқыланған маңызды мәселелер мұнымен бітпеді. Әділет фракциясының мүшесі – Берік Беркімбаев ел азаматтарына қабылданған заң жобалары дұрыс түсіндірілмей жатқанын айтып, Әділет министрлігіне сауал жолдады.
БЕРІК БЕРКІМБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Бүгінде азаматтардың құқықтық ақпараттану деңгейін, ақпараттың қолжетімділігін және берілген түсіндірмелердің сапасына қанағаттануын тұрақты бағалайтын бірыңғай тетік жоқ. Бұл мәселені тұрақты әлеуметтік зерттеулер жүргізу арқылы шешуге болады.
Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да маңызды қадам жасалды. Құрылтай Дүниежүзілік Сауда Ұйымының қызмет көрсету саласы бойынша қосымша келісімді ратификациялады. Депутаттардың айтуынша, бұл келісім, еліміздегі қарапайым кафе-мейрамханалардың өзіне талапты күшейту арқылы, бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:
Дүниежүзілік сауда ұйымы қызмет көрсету саласында халықаралық жалпыға бірдей стандарт енгізгенімен, еліміздің реттеу құқығын шектемейді. Әр қызметтің сапасына қойылатын талаптар және мамандардың даярлығы секілді стандарттарды мемлекеттік органдар бекітуін жалғастырады.