Жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, мәртебесін заңмен бекіту керек, - Нұрлан Дулатбеков

Өңірлік Жоғары Оқу Орындарының дербес басқару тетіктерін күшейту керек. Ал, университеттердегі профессорлық құрамның мәртебесі толық айқындалмаған. Әділет фракциясының мүшесі Нұрлан Дулатбеков осылай деп Ғылым және Жоғары білім министріне депутаттық сауал жолдады. Одан бөлек, жастардың ғылыми мансап құру және ғалымдарды өңірлерге тарту мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды. Халық қалаулысы ғалым мәртебесін көтеру күн тәртібінде бірінші орынға қойылу керектігіне баса назар аударды.

НҰРЛАН ДУЛАТБЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біріншіден, университеттердің нақты автономиясын қамтамасыз ету қажет. Қолданыстағы заңнамада академиялық дербестік көзделгенімен, мемлекеттік жоғары оқу орындары басқару және қаржылық мәселелерде әлі де орталықтандыруға тәуелді. Университеттердің корпоративтік басқару тетіктерін күшейтіп, олардың жауапкершілігін арттыру маңызды.

Ақ халатты абзал жандардың да мәртебесін көтеру керек. Заңнамаға өзгерістер енгізіліп, дәрігерлердің құқығы қорғалғанымен, еңбек етуге қолайлы жағдай қарастыру мәселесі ақсап тұр. Әділет фракциясының мүшесі Дана Медеуова осылай деді.

ДАНА МЕДЕУОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жас дәрігерлерді тартып қана қоймай, осы жүйеде жұмыс істеп келе жатқан мамандарды сақтап қалу маңызды. Ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнген жағдайда дәрігерлердің жедел әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік берілуі тиіс. Ол үшін олардың өкілеттігі нақты айқындалып, кәсіби шешімдері заңмен қорғалуы қажет. Аталған мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет. Осыған байланысты мен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасына бастамашылық етемін.