Қарағанды қаласында бүкіл бір аудан оқушылары мектепке баратын автобуссыз қалды

Қарағанды қаласында бүкіл бір аудан оқушылары автобуссыз қалды. Жеке сектордағы балаларды апатты білім ғимаратынан басқа мектепке ауыстырғаннан кейін жол алыстап кеткен. Оқушылар 2- 3 шақырым жаяу жүреді. Жолдың алыстығымен қоймай қаңғыбас иттер мен қараңғы көшелер тағы бар. Ата-аналардың жанайқайын тілшіміз Айжан Қуаш жеткізеді.

Қаладағы Михайловка ауданының жеке секторында тұратын балалар жаңа оқу жылында апатты 21- інші мектептен осы 100- інші білім мекемесіне ауыстырылды. Содан бері жол ұзарды. Енді олар сабаққа келіп кету үшін 2-3 шақырым жаяу жүреді. Екіараға тікелей қатынайтын автобус жоқ. Жолдың алыстығымен қоймай тротуарсыз қараңғы көшелер мен қаңғыбас иттер тағы бар.

ТАТЬЯНА ШАКУРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біздің үйден мектепке дейінгі қашықтық 2 шақырымнан асады. Жол жиегінде тротуар да, жарық та жоқ. КАМАЗ дар, ауыр техникалар зулап жатады. Балалар сол жолды жағалап келіп кетіп жүр. Трассада жаяу жүргінші өтететін жер де  қарастырылмаған. Кешікпей күн тез бататын кез келеді.Жауын- шашын, қыс келе жатыр. Біз балаларымыздың қауіпсіздігі үшін қатты қорқамыз. 

Балалардың жартысы жалғыз 70-інші автобусқа мініп кетуге тырысады. Бірақ бұл аялдамаға жету үшін де 2 шақырымдай жаяу жүру керек. Ал жеке сектордың тағы бір жартысында тұратындарға мүлде көлік қарастырылмаған. Ата- аналар мен оқушылар мектеп автобусын шығаруды немесе қаладағы кей маршруттардың бағытын өзгертіп, мектепке таятып тастауды сұрайды.

ИНГА БАЖИКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Бізге мектеп автобусын шығарып берсе жақсы болар еді. Мектепті айырбастаған кезде автобус шығарамыз деген. Қане, уәде етілген көліктері қайда? Не жарық жоқ, не жол белгісі жоқ. Иттер ол жан- жақта толып жүр.

ТИМУР МАРКОВ, ОҚУШЫ:

Күні бойы машиналар көп жүреді. Бізді соғып кетуі мүмкін. Автобус шығарса екен деп тілеймін.

Қалалық жолаушылар көлігі және автожол бөлімі өкілдері бұл проблеманы біледі. Қаладағы автобус бағытын енді өзгертіп жатыр.

ТЕМІРЛАН ТАЛДЫБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:

02 маршруттың қозғалыс сызбасын өзгерткен болатынбыз. Қазіргі таңда 02 маршрут Михайловка ауданына кірген бетте Степная, Жилстроевская, Заводская, Баженов және Лесков көшелерін қамтиды. Ол мекенжайдағы оқушыларды Сейфуллина даңғылы бойынша Поликлиника аялдамасына қатынайды. Енді қазір 70 маршруттың Қазақстан көшесі бойынша Шахтер стадионы маңындағы тұрғын үйлерді қамту мәселесі жақын арада қарастырылатын болады.

Астана арнасы балалардың көлік мәселесін бақылауда ұстайды. Өйткені бұл 300 ге тарта оқушының жанайқайы. Михайловкадағы жеке секторда тұратын ол балалар үшін бүгінде мектепке барудың өзі өте қауіпті.