Қостанай облысының Шолақсай ауылында «Әділет» партиясының мобильді қоғамдық қабылдауы өтті. Партия өкілдері мен мемлекеттік органдардың мамандарымен кездесуге 40-тан астам тұрғын келді. Жиында көшелерді абаттандыру, жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамту желілерін жаңғырту және елдімекенді газдандыру сөз болды. Сондай-ақ тұрғындар тозығы жеткен фельдшерлік-акушерлік пунктін басқа ғимаратқа ауыстыру жайын, дәріхана тапшылығын шешу және ауылға жас мамандарды тарту қажеттігін айтты. Бұдан бөлек, халықты жұмыспен қамту және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие мәселелері талқыланды. Бірқатары қабылдау барысында да шешімін тапты.
ЕРМҰХАММЕД ЖҰМАБЕК, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ РҚҚ МЕҢГЕРУШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Партияның Орталық аппаратындағы қоғамдық қабылдауда орталық мемлекеттік органдардың басшылары азаматтарды қабылдайды. Олардың қатарында министрлер, вице-министрлер, сондай-ақ Құрылтай депутаттары бар. Көтерілген мәселелерді тиісті орындарға жеткізіп, оларды кезең-кезеңімен шешуге күш саламыз.
НАТАЛЬЯ ПИСКУНОВА, МҰҒАЛІМ:
Осындай шалғай ауылдарға арнайы келіп, тұрғындардың мәселесін тыңдап, мәселелерді бірден шешіп, көмектесіп жатқан адамдарға алғыс айтқым келеді.