Шымкентте 50 шақырымдық айналмалы автокөлік жолының құрылысы басталды. Жаңа тасжол Алматы-Ташкент бағыты бойынша өтетін халықаралық және республикалық транзиттік көлік қозғалысын қаланың аумағынан тыс өткізуге арналған. Бұдан бөлек елдегі үшінші мегаполисте 500 орындық жаңа емхана мен қосалқы ғимараттың құрылысына да қарқын берілді.
Капсуласы салтанатты түрде қаланған бұл жолдың ұзындығы – 50 шақырым. Төрт жолақты магистраль транзиттік көліктердің Шымкентті айналып өтуге мүмкіндік береді.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Қаламыздан Батыс-Европа – батыс қытай тас жолы өтеді. Магистральді темір жол өтеді. Жаңадан әуе терминалын салып жатырмыз бітіріп, іске қосып. Оның бәрі біздің транспорттық потенциалымызды әлеуетімізді әрі қарай дамытады, жетілдіреді.
Ал мегаполистің Shymkent City шағынауданында жаңа емхана құрылысы жүргізілетін болады. Бір ауысымда 500 келушіні қабылдай алады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамыту және қолжетімді медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында салынуда. Қала әкімі жобаның заманауи талаптарға сай болуы және пациенттер мен медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауы тиіс екенін атап өтті.
ҚАЙРАТ ҚАЛЫБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Шынын айту керек, соңғы он жылдан аса қаланың күшімен жаңа емханалар салынған жоқ. Ауруханалар салынды. Бірақ емханалар салынған жоқ. Мынау соңғы уақыттарда қолға алынған алғашқы жоба болып отыр. Бір ағымда 500 посещение қабылдайды. 30 мың халыққа арналған.
Шымкенттегі қалалық №2 көпбейінді аурухананың ауқымы да кеңейетін болды. Қосымша нысан 80 төсек-орынға есептелген. Жаңа ғимаратта нейрохирургия мен кардиореанимация бағыттарын дамыту, сондай-ақ, инсульт, инфаркт және жіті коронарлық синдромға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсетуді жетілдіру көзделген. Мұнда заманауи қабылдау-диагностикалық орталық орналасады.
ОЛЖАС ТӘЖІБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл жерде ЕPС контракт бойынша қазіргі кезде жүмыстар жүргізіліп жатыр. Жоба құны қазіргі таңда 10 млрд 800 млн деп тұр. Жалпы нақты сомасы ЖБС әзірленіп, экспертиза шыққаннан кейін белгілі болады. Авторлық қадағалау толығымен жүргізіледі мекемемен бірге.
Айта кетейік, аталған аурухана жыл сайын шамамен 20 мың пациент қабылдайды. Жаңа жобаны іске асыру аурухананың төсек қорын ұлғайтуға, медицина қызметкерлерінің жұмыс істеуіне қосымша жағдай жасауға және халыққа көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.