Мемлекет басшысы Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды қабылдады

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Linde компаниясының отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады, деп хабарлайды AstanaTV.  

Linde – өндіріске қажетті газдар мен инжиниринг саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Компанияның технологиясы металлургия, тау-кен, химия, энергетика, денсаулық сақтау, электроника салаларында және жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылады.

Президент компанияның Қазақстанда инвестициялық құны 500 миллион долларға дейін бағаланатын бірқатар жобаны іске асыру жоспарын, соның ішінде Linde мен Qarmet арасындағы Теміртау қаласында жаңа ауа бөлу қондырғысының құрылысы бойынша келісімге қол қойылуын құптады.

Кездесу барысында мұнай химиясы өнеркәсібіндегі бірлескен жобалардың перспективасы қарастырылды.

Мемлекет басшысы көміртегін тұтуға және сақтауға арналған Linde технологияларына айрықша тоқталып, компанияның сутегі инфрақұрылымын дамытуға ұмтылысы еліміздің «жасыл» экономика стандарттарына көшу міндетімен үндесетініне назар аударды.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау және Маңғыстау облыстарында мұнай химиясы мен химия кластерін дамыту қолға алынғанын атап өтті. Linde компаниясын келешегі зор осы жобаларға атсалысуға шақырды.

Оливер Пфанн компания жобаларына қолдау білдіргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ серіктестік аясын одан әрі кеңейтуге және елімізде жаңа өндіріс ошақтарын ашуға дайын екенін жеткізді.