Бүгін - Халықаралық қарттар күні

Фото: gov.kz

1 қазанда Қазақстанда және әлем елдерінде Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл күн аға буынға құрмет көрсетіп, олардың қоғамдағы орны мен еңбегін дәріптеуге арналған, деп хабарлайды AstanaTV.

Халықаралық қарттар күні - 1990 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясында бекітіліп, жарияланды. Бұл мереке елімізде жыл сайын аталып өтіледі. Және оның аясында қарттарға құрмет көрсетіліп, түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстандағы зейнеткерлер саны 2 593 287 адамға жеткен. Ал 100 жасқа толған және одан асқан 475 адам бар. Олардың ең көбі Алматы қаласында – 68 адам. Ғасыр жасаған 50 адам – Түркістан облысында, 39 адам – Алматы облысында тұрады.

Елдегі ең егде тұрғын Ұлытау облысының тумасы - 116 жаста. Сондай-ақ Павлодар облысында 114 жастағы, Қостанай облысында 111 жастағы тұрғын бар.