"Жол, жарық, ауыз су": Қостанай тұрғындары «Әділет» партиясына мәселелерін жеткізді

фото: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының Республикалық мобильді қоғамдық қабылдауы ел өңірлерінде жалғасып келеді, деп хабарлайды AstanaTV.

Кезекті қабылдау Қостанай облысында өтті. Шолақсай, Қарамеңді, Большая Чураковка және Красный Кордон ауылдарының тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Қабылдауға партияның Республикалық қоғамдық қабылдау өкілдері, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары мен тиісті сала мамандары, сондай-ақ «Отбасы банк» және «Халық-Life» АҚ өкілдері қатысты.

Наурызым ауданында 40-тан астам тұрғынның өтініші қабылданды. Тұрғындар Шолақсай мен Қарамеңді ауылдарындағы ішкі жолдарды жөндеу, ауыз су желілерін жаңарту, абаттандыру және газдандыру мәселелерін көтерді. Сонымен қатар Шолақсайдағы ФАП-тың жағдайын жақсарту, дәріхана тапшылығы, ауылға жас мамандар тарту, мектептің компьютерлік техникасы мен асханасын жаңарту мәселелері айтылды. 

Алтынсарин ауданында Большая Чураковка және Красный Кордон ауылдарының тұрғындары жолдардың жағдайы, көше жарығы, ауыз су, абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығару мәселелерін қозғады. Әлеуметтік мәселелер де бұл ауылдарды айналып өтпеді. Большая Чураковка тұрғындары ФАП-ты жаңғырту немесе жаңа медициналық нысан салу, ал дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру мәселелерін шешу жөнінде өтініштерін жеткізді. Красный Кордон тұрғындары Мәдениет үйін күрделі жөндеу, спорт инфрақұрылымын дамыту, банк қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және банкомат мәселесін шешу қажеттігін айтты. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлікті дамыту, жеңілдетілген қаржыландыру мен гранттарға қол жеткізу, тұрғын үй және жас мамандарды тарту мәселелері қозғалды.

«Әділет» партиясы Орталық аппараты Қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, олардың шешілу барысы бақылауда болатынын жеткізді.

«Мобильді қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – шалғай ауылдарға барып, тұрғындармен тікелей кездесіп, олардың мәселелерін жергілікті жерде тыңдау. Әрбір мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолданып, олардың шешілу барысы бақылауда болады», - деді Ермұхаммед Жұмабек.

Мұндай мобильді қоғамдық қабылдаулар шалғай елді мекендердегі халықпен тікелей байланыс орнатып, жергілікті жердегі ахуалды жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді. Кездесу барысында айтылған ұсыныстар тиісті бағыттар бойынша сараланып, жауапты мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталады..