Ақтөбе облысында ұйықтап жатқан бір жарым жастағы сәбидің беті тырнаған. Анасына балабақша қызметкері «бала өзін-өзі тырнады» деп жауап берген. Бірақ бейнебақылаудағы жазба бұған қайшы болып шыққан. Оқиға Шалқар ауданы, Бегімбет ауылындағы «Айгөлек» бөбекжай-бақшасында орын алып отыр. Кешкілік баласын әкесі балабақшадан алып кеткен.
Үйге келгенде анасы бүлдіршіннің бетіндегі жарақат іздерін көріпті. Ал баланың қолында тырнақтары болмаған. Күмәнданған ана камера жазбасын көрсетуді талап еткен. Кадрда ұйықтап жатқан балаға балабақша қызметкерінің жақындап, бетіне қол тигізгені көрінеді. Сәбидің шырылдап жылағаны да жазбаға түскен. Ата-анасы полицияға арыз жазды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.
АЯН БАШАНОВ, ШАЛҚАР АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМНІҢ БАСШЫСЫ:
Орын алған оқиғадан соң арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Құзырлы орган тарапынан іс қозғалып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер мекемеде 2009 жылдан бері жұмыс жасайды. Қазіргі уақытта ол қызметінен шеттетілді. Білім беру ұйымында осындай жағдайдың орын алғандығына өкініш білдіреміз. Жағдай бақылауда.