Атырауда 100-ден астам адамды алдап соққан автосалон басшылары сотталды

Атырауда 100-ден астам адамды алдап соққан «Абырой авто» салоны басшылары сотталды. 8 айға созылған сот процесінде олардың кінәсі толық дәлелденіп,  23 және 28 жастағы қос азамат 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алаяқтық әрекеті қарапайым: көлігін сатуға қойған азаматтарға салон менеджерлері  хабарласып, нарықтан жоғары бағада сатып беруге  шақырған. Ақшасын 10 күн ішінде  санап береміз деп, ант-су ішкен. Тіпті  сенімдеріне кіріп, келісім-шарт жасап,  көлікті бірден автосалон атына аударып отырған. Бірақ ақшаны бермей, айлар бойы құр уәдемен алдап келген. Сан соғып қалған жәбірленушілер саны - 103 адам. Оларға  келтірілген шығын көлемі - 1 млрд 147 млн 800 мың теңге. Сатып үлгермеген көліктер иелеріне қайтарылатын болады. Ал өзгелер темір тұлпарларын азаматтық сот арқылы даулай алады.

ЭЛЬМИРА ОЙҚҰЛОВА, ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Сот үкім етті: Нұрлыбек Бекзат Нұрлыбекұлы мен Бөкеш Алмаз Айдарұлын  ҚК 190 бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танып,  олардың әрқайсысына коммерциялық ұйымдар мен өзге де кәсіпорындарды құру, оларға  басшылық ету және материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқынан  6 жыл мерзімге айыра отырып,  6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.