Қызылжарда колледж студенттерінен теміреткі табылды

Қызылжарда колледж студенттерінен теміреткі табылды. Жұқпалы дерт педагогикалық колледждің жатақханасында тараған. Аталған ауру оқу орнының 8 баласынан анықталған. Қазір олардың барлығы да ауруханаға жатқызылып, дәрігерлердің емін қабылдап жатыр. Сала мамандары аталған тері ауруы үй жануарынан жұғуы мүмкін екенін айтады. Алайда, нақты қай баладан тарағаны әзірге белгісіз.

АНАР ҚҰРҒЫНБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Мағжан Жұмабаев педагогикалық колледжінде тергеу жұмыстары басталды. Науқастардың барлығы бір нысанда тұрған. Демек, бір-бірін жұқтырған. Бұл тері ауруы тікелей қатынас арқылы немесе киім арқылы жұғады.

Білім ордасының жатақханасында 450 бала орналасқан. Эпидемиологтар жатақхана мен оқу орнында дезинфекция жасауға нұсқаулық берген.

ГҮЛЖАН ЖАҚАНОВА, МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫ:

Жатақханада тұратын студенттердің бөлмелері, дәліздер, жуынатын бөлмелері, санитарлық бөлмелері күнде дезинфекциядан өткізіліп отыр, сағат сайын. Сонымен қатар оқу кабинеттері, спортзал, дәліздер, асхана, барлығы дезинфекциядан өткізілуде.