Батыс Қазақстан облысында 32 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тұр. Оның 7 мыңнан астамы - әлеуметтік осал топтағылар. Оларды толғандырған сауалдар Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің өңір тұрғындарымен кездесуінде талқыланды.
Былтыр облыста 642 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 5 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойламақ. Үйлі болудан үмітті жандардың бірі - Айнагүл Өтебалиева. Жетімдер санатында 16 жылдан бері кезекте тұрған оны заңның өзгеруі қатты алаңдатқан.
АЙНАГҮЛ ӨТЕБАЛИЕВА, ТҰРҒЫН:
Кезекте тұрып, кезегіміз жақындады деп қуанып жүргенде заң бәрі өзгеріп кетіп, табысты есептейтін болғасын, прожиточный минимум асып кетіп тұр арендный жильеға. Сол шешімнен кейінгі қорқыныш енді қазір кішкене сейілгендей болды. Нақты сұрағыма жауап алдым деп ойлаймын. Үй алуға бір кішкене қадам қалды деп қуанып тұрмын өзім.
Өңірде мұқтаж отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 543 жалдамалы және 529 несиелік пәтер сатып алынған. Ал 300-дей отбасы «Наурыз» бағдарламасымен баспаналы болды.
ҚУАНДЫҚ ҚАЖКЕНОВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Мемлекеттен берілетін үйлердің кемінде 20 проценті жетімдер ретінде кезекте тұрғандарға берілуі керек. Қазір аймақтарда осы мәселеге ден қойып отырмыз. Сонымен қатар бірнеше қоғамдық ұйым осы бағытта бірге жұмыс жүргізіп келеді.
Биыл өңірде 1500 несиелік пәтер салу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылады. Ал мұқтаж жандарға жалға берілетін 600 пәтер алуға 11,9 млрд теңге бөлінбек.