Шымкентте көлік қолғалысын реттеуде тағы бір нысан ел игілігіне берілді. Тіленшин көшесіндегі теміржолдың үстінен салынған жаңа автокөлік өткелі техникалық тұрғыда ашылып, автокөліктердің қозғалысы іске қосылды. Елдегі үшінші мегаполис үшін маңызды нысанның қолданысқа берілуіне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков аранайы қатысты.
Тіленшин көшесіндегі бұл учаске арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Соның салдарынан теміржол өткелі кемінде 10 минуттан 20 минутқа дейін жабылып, көлік кептелісін туындатып, жол жүру уақытын ұлғайтатын. Енді жаңа нысан автомобиль мен теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
НҰРЖАН ҚҰРБАНАШОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Алдын бұл жерде переезден өтетін едік қой, ол кезде жарты сағат 1 сағатқа дейін пробкіде тұратынбыз. Осы жерде уақытымызды құртатынбыз. Енді қазір Аллаға шүкір, 30 секундта өтіп кетіп бара жатырмыз. Барлығына рақмет!
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Момынов және Тіленшин көшелеріндегі өткелдердің негізгі құрылысы өткен жылы басталған.
РОЛАН ИБРАГИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл жолмен әрі қарай Төлеби ауданына да шығып кетуге болады. Және білесіздер, бұл жолда туристік нысандар өте көп және индустриалды аймақтарға баруға болады. 10 күннен кейін біз соңғы қабаты шманы саламыз. Сонымен толық жолды пайдалануға беретін боламыз.
Жаңа жол өткелі – биыл пайдалануға берілген екінші нысан. Қаңтар айында Момынов көшесіндегі автокөлік өткелі ашылған болатын. Екі нысан да автокөлік жолы мен теміржол желісінің қиылысындағы көлік қатынасын жақсартуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.