Дәл осы республикалық фестиваль еліміздің бірқатар өңірінде жоғары дәрежеде өтті. «Әділет» партиясының филиалдары әлеуметтік ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырған іс-шара аясында аға буынға құрмет көрсетіліп, ұрпақтар сабақтастығы дәріптелді.
Алматыдағы фестивальге 700-ден астам аға буын өкілі қатысты. Мерекелік концертте жасы үлкен өнерпаздар сахна төріне шығып, домбыра тартып, ән айтып, би биледі. Қатысушылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдары да көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек, скандинавиялық жүрістен жарыс ұйымдастырылып, белсенді қатысушылар марапатталды. Фестивальге атсалысқан аға буын өкілдеріне сый-сияпаттар табысталып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
ҚУАНЫШ ТӨЛЕПОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Фестивальдің жалпы негізгі идеясы, бұл жерде тек концертпен ғана шектелмей, осы фестиваль аясында түрлі буын өкілдері бір-бірімен кездесіп, бірге іс атқарып, тәжірибе алмасу. Сондықтан бүгін мына жерде мерекелік концерт өтіп жатыр және осы аға буын өкілдерінің өзінің қолдарымен жасаған қолөнер көрмесі өтуде және сыртта скандинавиялық жүрістен жарыс ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы іс-шараларымыз біздің барлық аудандық филиалдарда да ұйымдастырылып жатыр.
Кеудесі қазынаға толы қарттардың өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, құрмет көрсетуді мақсат еткен фестиваль Атырауда да сән-салтанатымен өтті. Филиал төрағасы Болат Қонарбай аға буын өкілдерін мерекемен құттықтады. Аймақта 62 мыңнан астам ардагерге мемлекеттік және жергілікті деңгейде материалдық, медициналық әрі әлеуметтік қолдау көрсетіліп келеді. Тағылымы мол жиында ел дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлерді ұмыт қалдырмай, мерейтойларымен құттықтады. Фестиваль аясында шеберлік сабақтары мен семинар-тренинг ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақтан сайыс та өтіп жатыр. Оған 12 зейнеткер қатысып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.
БЕЙБІТ МЫРЗАҒАЛИЕВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Танымдық шараның мақсаты аға буын өкілдерінің жастармен сабақтастықты байланыстыра отырып, қарттардың біздің қоғамдағы орны, қазіргі ол кісілердің айтатын пікірлерін жастарға жеткізу мақсатында тәжірибе алмасу, бір жағынан қазақтың спорттық ойындарынан біздің белсенді өмір сүру орталығында осындай шара өтіп жатыр.
Ал Оралда фестиваль аясында жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсетілді. Партия өкілдері денсаулық жағдайына байланысты еңбекке жарамсыз боп қалған жалғызбасты зейнеткер Ирина Просвиринаның үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Ұзақ жыл бойы бел жазбай көлік саласында диспетчер инженер болып еңбек еткен қазір кейуана 79 жаста. Жастайынан еңбекке пісіп, бейнетпен көз ашқан қария әлі тың. Бірақ ауласын тазалау, қыста қарын күреуге "Жастар рухының" белсенділері үнемі көмектеседі екен.
БАУЫРЖАН БЕКТҰРҒАН, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Тізімде шамамен 56 адам бар. Соларға біздің әріптестер барып, үйлеріне көмектесіп, қандай жағдайда керекті нәрселерді алып беріп жатырмыз. Одан бөлек жаңа айтқандай жинастыратын нәрсесі бар. Біздің жас студенттер келіп, партияластарымыз бірге көмек көрсетіп жатыр.
Осылайша, «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалі аға буынның өнегесін ұлықтап, олардың белсенді өмір салтын дәріптеген мазмұнды мерекеге ұласты. Ең бастысы, әр өңірдегі шаралар ұрпақтар сабақтастығын бекемдеп, үлкеннің тәжірибесін кейінгі буынға жеткізетін ортақ алаңға айналды.