Қазақстан Халық Кеңесінің тұрақты комитеттерінің төрағалары мен құрамы бекітілді

Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының бірінші отырысы өтті. Күн тәртібіне Мемлекет басшысы Кеңес Сессиясында белгілеп берген стратегиялық міндеттер шығарылып, олардың іске асырылу жолдары талқыланды. Сонымен қатар тұрақты комитеттер мен Әдеп жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді. Негізгі назар Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасына аударылды. Халық Кеңесінің мүшелері бұл жұмысқа белсенді түрде араласып, этномәдени бірлестіктерді шоғырландыруға ықпал ету сияқты, бұл іске де өздерінің мазмұнды үлестерін қосу қажет деген ортақ пікірге келді. Отырыста өңірлермен өзара іс-қимылды кеңейту, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерді қолдау тетіктері де талқыланды. Өңірлердегі азаматтардың ұсыныстарымен жұмыс істеу мәселесіне де айрықша мән берілді.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Президентіміз Халық Кеңесінің алдына маңызды міндеттер қойды. Олар – бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын жаңа белеске көтеру.Халық Кеңесінің мәні де, тарихи миссиясы да осында.Ел Президенті артқан осы зор сенімге біз нақты іспен, нәтижелі жұмыспен жауап беруге тиіспіз.