Астанада емхана басшылары мен лауазымды тұлғалар қылмыстық топ құрған, деп хабарлайды AstanaTV.
Содан кейін азаматтарды емдеуге арналған бюджет қаражатын жымқырған.
Төрт адам жалған шарттар жасап, сол қаражатты жақын туыстары мен үлестес тұлғалардың шоттарына аударған. Кейін қаражатты қолма-қол ақшаға аударып, шығарып алған.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың мәліметінше, 2021-2025 жылдар аралығында жымқырылған ақшаның бір бөлігі кәсіпорынның қажетіне жұмсалса, қалған бөлігі тұрмыстық техника сатып алуға, Италияға сапарға және жеке бас кредиттерін өтеуге жұмсалған. Жалпы залал көлемі 672 753 454 теңге болды.
Сотта айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, ақтауды және бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Прокурор бір сотталушыға 7 жылға бас бостандығын шектеу және пробациялық бақылау белгілеуді, ал қалғандарына мүлкін тәркілей отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Алайда сот олардың әрқайсысына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім бойынша бір адам 8 жылға, екіншісі 7 жыл 6 айға, тағы екеуі 7 жылдан бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар олардың бәрі белгілі бір лауазымдарды атқару және қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Сот олардың біріне қатысты жазаны орындауды 2027 жылғы 30 қыркүйекке дейін кейінге қалдырды.