«Үздік педагог – 2026»: Конкурсқа екі мыңнан астам мұғалім өтінім берді

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Республикалық байқаудың қорытынды кезеңіне өткен үздік ұстаздар 4 миллион теңгеден астам ақшалай сыйақыға таласады

Елімізде ұстаздардың кәсіби жетістіктерін ынталандыруға бағытталған «Үздік педагог – 2026» республикалық конкурсының аудандық кезеңіне 2 145 мұғалім тіркелді. Оның қорытындысы бойынша 939 қатысушы облыстық іріктеуге өтіп, үздік нәтиже көрсеткендері республикалық деңгейге ұсынылды деп хабарлайды AstanaTV.

Байқау мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, қосымша әрі арнайы білім беру ұйымдарының өкілдері арасында өтуде. Дәстүрлі додаға кемінде пәндік және педагогикалық бес жыл үздіксіз еңбек өтілі бар мамандар қатысуға құқылы.

Жаңартылған ережеге сәйкес іріктеу тамыз айының соңында басталған болатын. Ал екі турдан тұратын республикалық кезең 22 қыркүйек пен 15 қазан аралығында ұйымдастырылады. Алғашқы кезеңде арнайы комиссия қатысушылардың портфолиосы мен материалдарын бағаласа, екінші турда педагогтер бекітілген білім беру ұйымдарында ашық сабақтар өткізеді.

Республикалық комиссия шешімімен ең жоғары балл жинаған 64 мұғалім «Үздік педагог» атанады. Іріктеу нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдардан 10, орта және арнайы мектептерден 34, сондай-ақ колледждерден 20 ұстаз марапатталмақ.

Үздік деп танылған әрбір жеңімпазға 1000 АЕК, яғни 4 325 000 теңге көлемінде мемлекеттік сыйақы беріледі. Оған қоса жеңімпаздарға арнайы куәлік пен «Білім беру ұйымының үздік педагогі» төсбелгісі салтанатты түрде табысталады.

Айта кетейік, 2012 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл жоба аясында осы уақытқа дейін 816 мұғалім үздік деп танылған. Өткен жылы да байқау қорытындысы бойынша 64 педагог қаржылай сыйақыға ие болған еді.