Тарлан Астана іске қосылғаннан бастап, 10 миллионнан астам адам сапарлаған. Әрине көпшілік діттеген жеріне жедел жеткісі келеді. Дегенмен станцияға да жақын тұрғанды қалайтын жандар бар. Олар үй таңдауда көп факторды ескереді. Баспана бағасына әсер етті ме? Сержан Айтжан айтсын.
СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:
Бұрын баспана іздеген астаналықтар үйдің қасында мектеп, балабақша мен аурухана бар ма деп қарайтын. Енді бұл тізімге ЛРТ да қосылды. Яғни үйдің жайлылығы ғана емес, одан қалаған жеріңе қаншалықты тез жететінің де маңызды. Бірақ нарықта сұраныс артса, баға құбылатыны тағы бар.
Мәселен, Ұлттық Банк ұсынған талдауда «Әуежай–Мәңгілік ел» учаскесінде станциядан 300–700 метр жердегі пәтерлердің бағасы 8 пайыз, 700–1000 метр аралығында баспаналар 10,5 пайыз өскен. Ал «Жібек жолы–Нұрлы жол» учаскесінде 300–700 метр қашықтықтағы тұрғын үйлер бойынша қосымша өсім 6,5 пайызды, 1–1,5 шақырым аралығында 5,3 пайызды құраған.
ПЕРИЗАТ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, ҚАРЖЫГЕР:
ЛРТ-ның бойында тек жаңа үйлер салынып жатыр. Сондықтан бағасына әсер етіп жатыр деп айта аламыз. Қарайтын болсақ, инфрақұрылымы жақсы комфорт, комфорт + санаттағы үйлердің барлығы ЛРТ-ның бойында орналасқан. ЛРТ-ның қасы туристік аймақ болғаннан кейін ол жердегі үйлер, аллеялардың барлығы көңілге аударылады. Сол үшін үйдің бағасы басқаларға қарағанда қымбаттауы мүмкін.
Жеңіл рельсті көліктер елордамен қатар, Қосшы қаласын да қамтығалы жатыр. Бағандары бекіп, тұрғындардың пайдалануына бермесе де, баспананың бағасын теңселтіп тұр.
БЛИЦ:
- ЛРТ келгелі бері Қосшыда үй сатушылар көбейіп жатыр.
- 18 миллион болатын болса 1 комнаталы, олар 23-24 миллионға сатып жатыр.
- Біраз сомаға көтерілді пәтердің бағасы, осы кезде біз үйімізді сатып жатырмыз.
Баспана бағасына әсер ететін фактор көп. Соның бірі – көлік қолжетімділігі. Ұлттық банк сарапшылары осыны ескере отырып, ЛРТ станцияларына жақын орналасқан үйлердің бағасын жеке зерттеген.
НҰРБОЛАТ САХИ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Станцияға жақын болу мен бағаның өсуі арасында қатаң әрі бірыңғай заңдылық жоқ. Мысалы, «Әуежай – Мәңгілік ел» учаскесінде бағаның жоғары екенін көрдік. Бірақ ол маңда хабарландыру саны аз болғандықтан, оны сақтықпен қабылдау керек. Қорыта айтқанда, LRT – бағаға әсер ететін факторлардың тек бірі ғана.
Демек, тұрғын үй бағасына ауданның орналасуы, инфрақұрылымы мен басқа да факторлар ықпал етеді. Сондықтан станцияға жақын үй қымбаттайды деген біржақты қорытынды жасауға әлі ерте.