Астанада жасанды интеллектіні медицинада қолдану мүмкіндіктері талқыланд

Астанада өтіп жатқан AI & Digital Bridge форумы аясында жасанды интеллектіні медицинада қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Халықаралық сарапшылар цифрлық технологиялар арқылы диагностиканы жақсартып, зерттеулерді жеделдетуге мүмкіндік мол дейді. Ең бастысы пациенттердің құқықтарын қорғай отырып,  дәрігерлік құпияны сақтау керек. Сондықтан әр ел медициналық мекемелер мен мемлекеттік ұйымдардың және бағдарламаларды әзірлеуші компаниялардың арасындағы жауапкершілікті қатаң қадағалап, үйлестіруге тиіс.

ТЕДРОС ГЕБРЕИСУС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Дұрыс әзірленіп, жауапкершілікпен енгізілген жағдайда цифрлық денсаулық сақтау технологиялары денсаулық сақтау жүйелерін нығайта алады. Олар медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп, медициналық қызметтерге қолжетімділікті жақсартып, адамдарға өз денсаулығын басқаруға көмектеседі. Ол сондай-ақ медициналық мекемелер арасында медициналық ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Біз бірлесе отырып бүкіл әлемде дені сау, қауіпсіз әрі әділетті болашақ құру үшін пайдалана аламыз.

Қазақстанда медициналық жасанды интеллектіні дамыту үшін сапалы деректер стандарты мен бірыңғай реттеу механизмін енгізу қажет. Сала сарапшыларының айтуынша, елімізде жинақталған медициналық ақпарат көлемі өте үлкен. Бірақ олар жүйеленбеген. Салдарынан озық технологияларды қолдануға кедергі көп. Алдымен осы мәселені жолға қою керек.

ТОҒЖАН ҚОЖАЛЫ, MEDHUB «HEALTH AI QUALITY» НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ ЖӘНЕ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Мәселен, МРТ бойынша миллиондаған дерек болғанымен, олар өңдеуге келмейтін PDF форматында сақталған. Сондықтан деректерді енгізудің нақты стандарты керек. Екінші үлкен мәселе - клиникалардың қажеттілігі, әзірлеушілердің мүмкіндігі және мемлекеттің ережелері бір-бірімен байланыспаған. Осы үш тарап бір мақсатқа бірігіп, бірыңғай талаптар мен реттеу ережелерін жасағанда ғана медициналық жасанды интеллект нақты нәтиже береді.