Жамбыл облысында теміржол бойына шығып кеткен 70 қойды пойыз басып кетті
Оқиға Жұма — Тамды өткелінде болған. Пойыз машинисі рельске шығып кеткен отарды көріп, шұғыл тоқтатуға тырысқанымен, үлгермей қалған. Тоқтағаннан кейінгі жағдайды теміржолшылар видеоға түсірген, деп хабарлайды Astana TV Halyqstan телеграмм арнасына сілтеме жасап.
Оқиғаға қатысты Көлік полициясы пікір білдірді.
- «Аталған факті бойынша мал иесі анықталды. Ол — Тараз қаласының 66 жастағы тұрғыны. Оған қатысты теміржолдың бөлінген белдеуінде мал жаю ережесін бұзғаны үшін заңнамаға сәйкес шара қолданылды. Көлік полициясы ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін теміржол табанына жақын жерде малды қараусыз жібермеуге және белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырады», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Дегенмен полиция мал иесіне нақты қандай жаза қолданылғанын нақтылаған жоқ.
Жыл басынан бері Көлік полициясы пойыздарды шұғыл тоқтатудың 1166 оқиғасын тіркеді. Оның 881-інде теміржолға төрт түлік малдың шығып кетуі себеп болған.