Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Astana TV.
Қазығұрт ауданының полиция қызметкерлері түнгі сағат 01:30 шамасында Шарбұлақ елді мекеніндегі мешіттің автотұрағында қауіпті дрифт жасап жүрген екі жүргізушіні байқап, оқиға орнына дереу барды. Тексеру барысында 20 жастағы екі азаматтың Mercedes-Benz және BMW автокөліктермен қауіпті маневрлер жасап, көліктерін әдейі сырғытып басқарғаны анықталды. Жүргізушілер автокөліктерінің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін алдын ала шешіп алып, автотұрақ аумағында көлік құралдарын басқарған. Құқық бұзушылық жасаған екі автокөлік те арнайы айыптұраққа қойылды. Аталған азаматтарға қатысты түнгі тыныштықты бұзу, маневр жасау қағидаларын бұзу және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ көлік құралын басқару фактілері бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Полиция көлік құралын әдейі сырғытып басқару және мемлекеттік тіркеу нөмірлерін шешіп алып көлік жүргізу жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретінін ескертеді. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.